Алтынбекованың сөзінше, жолында пейілі тар, қызғаншақ адамдар да кездескен. Алайда еңбегін бағалап, қолдау көрсеткендер де аз болмаған.
Қазақстандық волейболшы Сәбина Алтынбекова әлеуметтік желіде спорттағы алғашқы қадамдары, жолда кездескен қызғаныш пен әділетсіздік жайлы шын сырын айтты.
Спортшының айтуынша, бала кезінде жаттығуға жаяу барып, кеш қайтуға тура келетін. Автобустар тоқтамай кеткендіктен, жасөспірім Сәбина көбіне жолды жаяу еңсерген. Жаттықтырушылар да, қатарластары да оған сенбеген:
«Сенен түк шықпайды, добың торға да жетпейді», – деген ауыр сөздерді жиі естіп өскен.
Алайда Алтынбекова табандылық пен еңбектің арқасында бәріне жетуге болатынын дәлелдеді.
Волейболшы кәсіби жолында қызғаншақ әрі пейілі тар адамдар көп кездескенін мойындады. Бірақ дәл осы жағдай оның қайсарлығын арттыра түскен:
«Мүмкін сондықтан да Жаратқан еңбегімді көріп, ерекше мүмкіндік сыйлаған болар. Қысым мен қызғаныш артты, бірақ қолдаушыларым да көбейді», – деп жазды спортшы.
Алтынбекова ешқашан ақшаға, атаққа қызықпағанын, тек сүйген ісін жалғастыруды мақсат еткенін ерекше атап өтті.
Өз-өзіне деген сенімнің арқасында ол бірнеше шетелдік клубтардан ұсыныс алып, кейбірінде капитан атанды. Бұл – өз елінен тыс жерде жүрген спортшы үшін үлкен сенім.
«Өмірде мүмкін еместің өзі мүмкін. Рухы мықты адам ешқашан сынақтан қорықпайды», – дейді Алтынбекова.