«Семей» клубының футзалшысы, бразилиялық Лео Мендонка ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын жариялады.
Бұл — бір күнде екінші бразилиялықтың кетуі. Бұған дейін қорғаушы Дуглас Жуниор да құрамадағы карьерасын доғарғанын хабарлаған еді.
Мендонка Instagram парақшасында жүрекжарды жазбасын қалдырды:
«Бүгін мен Қазақстан құрамасымен қоштасатынымды ресми түрде айтқым келеді.
11 жыл бойы мен осы елдің намысын қорғадым, оны құрметтеп, жақсы көруді үйрендім.
Көңілде қуаныш та, көзде жас та болды, әр ойында барымды салдым. Ұлттық құраманың жейдесін кию — мен үшін үлкен мәртебе еді.
Еуропа чемпионатында ойнағым келді, бірақ бұл Алланың жоспарында болмаған шығар.
Жаңа буынға тек қолдау көрсетемін. Жұмыс қарқынына қарап, біз тағы да әлемнің үздік құрамаларының қатарынан табылатынымызға сенемін.
Рақмет саған, Қазақстан. Сен мені жақсы ойыншы әрі жақсы адам еттің».
Ұлттық құрамадағы дебют: 2014 жыл
11 жыл бойы Қазақстан атынан халықаралық аренада өнер көрсетті
Құрама жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосты.