Реклама
Реклама

Бибісара Асаубаева әлемнің №1 шахматшысын қақпанға түсірді (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
18.12.2025, 23:18

Қазақстанның ең мықты шахматшысы, рапид пен блицтен әлемдік рейтингтің үздік ондығына жақын жүрген Бибісара Асаубаева Global Chess League турнирінде қиын позициядан аман шығып, әлемнің көшбасшы ойыншыларының бірі – қытайлық Хоу Ифаньмен кездесуді тең аяқтады.

Instagram/@bibisarachess

«Күннің сәті»: үмітсіз көрінген позициядан құтқарылған партия

Оқиға FYERS American Gambits сапында ойнаған Асаубаева (қаралар) мен дүниежүзінің 13-чемпионы, классикадан ФИДЕ рейтингінің көшбасшысы Хоу Ифань (Alpine SG Pipers) арасындағы матчта болды.

Бибісараның жағдайы ауыр көрінгенімен 53…Фе2 жүрісінен кейін төреші позицияның үш мәрте қайталануын тіркеп, партияға тең нәтиже берді.

Шахмат шолушысы Александр Ляховтың айтуынша, Хоу Ифань екі рет қайталанудан қашып кетуге мүмкіндік алған, алайда белгісіз себеппен ол жолды таңдамаған. Болжам бойынша, қарсылас қара ферзьдің ықтимал қауіптерін асыра бағалаған болуы мүмкін.

Global Chess League деген не?

Global Chess League – классикалық форматтан бөлек, командалық жүйе бойынша өтетін ерекше лига. Мұнда үздік гроссмейстерлер бірнеше құрамға бөлініп, жүлде қоры үшін өзара күш сынасады. Биыл турнир Үндістанда ұйымдастырылды.

Chess.com порталының дерегінше, осы маусымдағы жалпы жүлде қоры 1 миллион доллар:

  • 250 мың доллар – чемпион командаға;
  • қалған қаржы – қатысушылардың бәріне, тіпті жүлдеге ілікпеген командаларға да үлестіріледі.

Қазір Бибісара ойнайтын American Gambits командасы 6 команданың ішінде 5-орында келеді. Лига матчтары 23 желтоқсанға дейін жалғасады.

Асаубаева туралы қысқаша

21 жастағы Бибісара Асаубаева:

  • блицтен екі дүркін әлем чемпионы;
  • Қазақстан құрамасымен шахмат олимпиадасында күміс жүлдегер;
  • классика, рапид және блиц бойынша әлемдегі үздіктер қатарында.

Сондай-ақ 2025 жылғы 22 шілдеде FIDE кеңесінің шешімімен Бибісараға гроссмейстер мәртебесі бекітілгені хабарланды.

Реклама
Реклама