Қазақстан футзалында жасөспірімдер арасындағы ойыннан кейін болған жаппай төбелес көпшіліктің қызу талқысына түсті. Оқиға Рудныйда Қазақстан біріншілігінің U-15 санатындағы матч аяқталған соң тіркелген.
Жанжал "БЖСМ-2 BM United" (Жаңаөзен) мен "Бәйтерек" (Орал) командаларының кездесуінен кейін шыққан. Матч аяқталған соң алаң маңында жағдай ушығып, ойыншылар арасында жаппай төбелеске ұласқан.
Қазақстан футзал қауымдастығы болған жағдайды қатаң айыптап, мұндай әрекет балалар-жасөспірімдер спортында мүлде орын алмауы тиіс екенін атап өтті. Ұйым өкілдері жас спортшылардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қатысты талап күшейтілуі керектігін меңзеді.
Қазір аталған оқиғаға байланысты ҚФФ-ның Бақылау-тәртіптік және Этикалық комитеті жақын уақытта ресми шешімін жариялайтыны хабарланды.