Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген мәлімдеді.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалдың мән-жайы белгілі болды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қарағандыда болған оқиғада Серік Сәпиевке өз орынбасары тарапынан күш қолданылған. Аталған дерек бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған.Аян Төлеген бұл жанжалдың астарында тек жеке тұлғалар арасындағы кикілжің емес, жүйелік әрі саяси сипаттағы мәселе жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен спорт саласында бірыңғай басқару вертикалін қалыптастыру туралы заңнамалық өзгерістер енгізілген. Бұл реформа жергілікті бюджет қаражатының бақылаусыз жұмсалуын тоқтатып, қаржыны бір ғана спорт түріне (негізінен футболға) шоғырландырмауды көздейді.
Осы реформаның аясында Серік Сәпиев туған өңіріндегі спорт саласына жетекшілік етуге тағайындалған алғашқы тұлғалардың бірі болды. Алайда, Аян Төлегеннің пікірінше, бұл шешім жергілікті атқарушы билікке ұнамаған.
“Егер қолдаусыз болса, ешбір орынбасар өз басшысына, оның үстіне ел мақтанышы саналатын Олимпиада чемпионына қол көтеруге батылы бармас еді”, — деп жазады Төлеген өзінің Telegram-арнасында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Дәурен Есімханов бұған дейін де басшысының келісімінсіз құжаттарға қол қойған, ал 2025 жылы мемлекеттік қызмет этикасын сақтау мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Аян Төлеген бұл жағдайды спортшы мен спортшы арасындағы төбелес ретінде емес, мемлекеттік билікке қарсылық және Олимпиада чемпионының ар-намысына қол сұғу деп бағалау керектігін атап өтті.
“Бұл жерде кім мықты екенін анықтаған жоқ. Бұл — тікелей саботаж. Мұндай деңгейдегі спортшылар бізде саусақпен санарлық. Соңғы Олимпиадалардың нәтижесіне көз жүгіртіңіз”, — деп түйіндеді ол.
Оқи отырыңыздар:
Серік Сәпиев орынбасарынан "таяқ" жеді
Molodoy бастаған FURIA ірі турнирдің жартылай финалына шықты