Әлеуметтік желілерде Қарағандыда спорт саласына жауапты лауазымды тұлғалар жанжалдасқаны жөнінде мәлімет пайда болды. Оқиға 21 қаңтар күні кешкі уақытта болғаны хабарланып отыр.
Қарағанды қаласында спорт саласына жауапты басшылар арасында жанжал орын алды. 21 қаңтар күні кешкі уақытта қаладағы Бұқар жырау даңғылы бойында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке дене жарақаты салынғаны белгілі болды.
Жанжалға қатысы бар екінші тұлға ретінде басқарма басшысының орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионы атанған Дәурен Есімхановтың есімі аталып отыр.
Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, аталған дерек бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісімен қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта жәбірленушінің алған жарақатының сипаты мен ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы жарақаттың қаншалықты ауыр екенін көрсетеді.
Оқиғаның нақты неден басталғаны әзірге белгісіз. Құзырлы органдар істің барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.