Бүгін қысқы Олимпиаданың төртінші күні өтуде.
Милан мен Кортина-д’Ампеццо (Италия) қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында әйелдер арасында шорт-тректен 500 метр қашықтықтағы жарыстар жалғасуда.
Төртінші іріктеу тобында Қазақстан құрамасының өкілі Яна Хан жарыс жолына шықты. Оның қарсыластары қатарында әлемнің екі дүркін чемпионы және Еуропаның үш дүркін чемпионы, нидерландтық Михелле Велзебур, Италияның екі дүркін Олимпиада чемпионы Арианна Фонтана және Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, франциялық Беренис Комби болды.
Қашықтықты ең жылдам еңсерген Велзебур бірінші болып мәреге жетті. Одан кейін Фонтана мен Комби келді. Ал Яна Хан жарыстың басында құлап, нәтижесінде төртінші орынмен шектелді.
Әрбір іріктеу тобынан алғашқы екі орын алған спортшылар тікелей ширек финалға жолдама алады. Сондай-ақ үшінші орын алған қатысушылар арасынан ең үздік уақыт көрсеткен тағы төрт спортшы ширек финалға өтеді.
Айта кетейік, осының алдында Олимпиадада ел намысын қорғаған шаңғышыларымыз іріктеуден ары аса алмады.