Реклама
Реклама

Михаил Шайдоров халықаралық сыйлыққа үміткер атанды

Сарапшы, спорт журналисі
11.03.2026, 09:35

Отандасымыз аталған сыйлыққа "Үздік костюм" номинациясы бойынша ұсынылды. Бұл номинация сахналық образдың  бейнесімен және дара стилімен ерекшеленген мәнерлеп сырғанаушыларға беріледі.

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2025/2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша Халықаралық конькишілер одағының (ISU) Figure Skating Awards сыйлығына үміткерлер қатарына енді.

Номинацияда барлығы 16 мәнерлеп сырғанаушы бар. Олардың қатарында америкалық Илья Малинин, эстониялық Александр Селевко, жапониялық Каори Сакамото, француз Адам Сяо Хим Фа, америкалық жұп Мэдисон Чок және Эван Бейтс, оңтүстік кореялық Ли Хэ Ин және грузиялық Анастасия Губанова бар.

“ISU Figure Skating Awards - бұл жыл сайын ең жақсы коньки тебушілерге арналған іс-шара. Бұл беделді оқиға бүкіл әлем бойынша өз шығармашылығымен және ойын-сауықтарымен көпшіліктің көңілінен орын алған коньки тебушілерді ғана емес, сонымен қатар сахна артындағы спортты жандандыратын арнайы жаттықтырушыларды, хореографтарды және костюм суретшілерін де құрметтейді", - делінген ISU сайтында.

Дауыс бері мерзімі

Сондай-ақ маусым қорытындысы бойынша “Үздік жаттықтырушы”, “Үздік хореограф” және “Ең әсерлі бағдарлама” номинациялары бойынша да жеңімпаздар анықталады. Дауыс беру ISU-дың ресми сайтында өтеді. Жанкүйерлер 18 наурызға дейін өз дауыстарын бере алады.

Осыдан кейін әр номинация бойынша үш финалист анықталып, жеңімпаздарды сарапшылардан құралған қазылар алқасы таңдайды. Отандасымызға сілтемеге өтіп  дауыс беруге болады. Сыйлықты табыстау рәсімі 29 наурызда Чехияның Прага қаласында  өтеді.

Киім үлгісі

Қазақстандық дизайнерлермен бірге жасалған еркін бағдарламаға арналған костюм қанық көк түсте тігілген. Бұл түс ғарышты бейнелейді және спортшының бағдарламасы орындалған “Бесінші элемент” фильмінің атмосферасымен үндеседі. Образ жұлдыздарды еске салатын тастар және шыны әшекейлермен толықтырылған. Өнер көрсеткеннен кейін Шайдоров бұл костюмді Олимпиадалық музейдің коллекциясына тапсырды.

Реклама
Реклама