Қазақстандық шахматшы Карлсенмен селфиден кейін күміс жүлде иеленді
18 жастағы Алуа Нұрман Германияда өткен Freestyle Chess Open-2026 турнирінде әйелдер арасындағы бәсекеде күміс жүлдегер атанды.
Үздіктер қатарынан көрінді
Сегіз тур қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы 6 ұпай жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Дәл осы көрсеткіш оған беделді халықаралық жарыстың күміс медалін алуға мүмкіндік берді.
Турнир жеңімпазы атанған үндістандық Харика Дронавалли Алуа Нұрманмен бірдей ұпай жинағанымен қосымша көрсеткіштер бойынша алға шықты. Ал үздік үштікті Германия намысын қорғаған Динара Вагнер түйіндеді.
Бұл табыс қазақстандық шахматшы үшін аса маңызды жетістік болды. Турнир қорытындысы бойынша Алуа Нұрман 2027 жылғы фристайл шахматынан әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Магнус Карлсенмен селфи оқиғасы да қызу талқыланды
Жарыс барысында Алуа Нұрманның аты тағы бір оқиғамен көпшілік назарын аудартты. Ол әлемге әйгілі шахматшы Магнус Карлсенмен партия алдында селфи жасап, кейін бұл әрекеті үшін турнир ұйымдастырушылары тарапынан ескерту алған.
Аталған жағдай шахмат әлемінде қызу талқы тудырып, әлеуметтік желіде кеңінен тарады.
Алуа Нұрман — Қазақстан шахматының жас әрі болашағы зор өкілдерінің бірі. Ол 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған еді.