Ел футзалында VAR жүйесі енгізіледі
Қазақстан футзалында төрешілік жүйеге маңызды өзгеріс енгізілмек.
Қазір Қостанай мен Рудныйда футзал төрешілеріне арналған оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Оған 33 арбитр мен 7 нұсқаушы қатысуда. Оқу процесіне FIFA нұсқаушысы Педро Галан Ньето арнайы шақырылып, төрешілерге VAR жүйесінің жұмыс істеу принциптерін үйретуде.
VAR жүйесі бұған дейін жастар арасындағы U-19 чемпионатының финалдық кезеңінде сынақтан өтті. “Тұлпар” мен “Семей” арасындағы ширек финалдық ойында жүйе шешуші рөл атқарды. Екінші таймда есеп 2:2 болып тұрған сәтте төреші даулы эпизодты қайта қарап, пенальти белгіледі. Нәтижесінде “Семей” ойыншысы пенальтиді сәтті орындап, матч тағдырына әсер етті.
VAR енгізу төрешілік қателіктерді азайтып, ойын әділдігін арттырады және даулы сәттерді нақты шешуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе алдағы күндері плей-офф матчтарында сынақтан өткізіледі.
Еске салсақ, алдағы 13-15 сәуірде Ақтаудағы "BS ARENA" спорт кешенінде Қазақстан мен Әзербайжан ұлттық құрамалары арасында жолдастық кездесулер өтеді.