Дәурен Тұрсағұлов "Қайраттан" кететінін мәлімдеді

Сарапшы, спорт журналисі
28.04.2026, 22:06

Футзалдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дәурен Тұрсағұлов Алматының "Қайрат" сапындағы соңғы маусымын өткізіп жатқанын хабарлады.

instagram/@tursagulov12

Әлеуметтік желідегі жазба

Бұл туралы ойыншы өзінің Instagram парақшасында жазды.

"Бұл – менің “Қайрат” құрамындағы соңғы маусымым.

8 жыл – жай ғана уақыт емес. Бұл менің өмірімдегі маңызды кезең, қалыптасу жолым және үлкен тәжірибе.

Бұл клуб жүрегімде әрдайым ерекше орын алады. Алда жаңа белестер мен жаңа мақсаттар күтіп тұр.

Осы маусымды абыроймен аяқтап, келесі қадамға сеніммен баруға дайынмын. Рахмет, “Қайрат”!», – деп жазды Тұрсағұлов.

Тұрсағұлов – Қазақстан негізгі ойыншылардың бірі

Дәурен Тұрсағұлов ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасы мен алматылық "Қайраттың" жетекші ойыншыларының бірі саналады. Ол ұлттық құрама сапында әлем және Еуропа чемпионаттарына қатысып, Қазақстан футзалы тарихындағы маңызды жетістіктерге үлес қосты.

Атап айтқанда, Тұрсағұлов 2021 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының тарихи жартылай финалға шығуына қатысқан ойыншылардың қатарында болды.

"Қайраттағы" 8 жылдық кезең

Шабуылшының кәсіби мансабының елеулі бөлігі "Қайратпен" байланысты. Алматылық клуб сапында бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын жеңіп алды.

Дәурен Тұрсағұлов 2025/2026 жылғы Чемпиондар лигасында қазақстандық ойыншылар арасында "гол + пас" жүйесі бойынша ең нәтижелі футболшы атанды. Ол 7 матчта 9 ұпай жинаған.

Реклама
Реклама