"Министрліктің сөзі заңға қайшы": Бибісара Асаубаеваның анасы жаңа мәлімдеме жасады

Жекпе-жек шолушысы
15.06.2026, 17:30

Шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Хәкім спорт саласындағы дау аясында Туризм және спорт министрлігінің жауабына қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Ол ведомствоның уәжі қолданыстағы нормативтік құжаттармен сәйкес келмейтінін айтты.

instagram/@liana_hakim_

Министрлік жауабын сынға алды

Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Хәкім Instagram парақшасында жаңа жазба жариялап, Туризм және спорт министрлігінің ұстанымына қатысты пікір білдірді.

“Неге министрліктің сөзі заңға қайшы келеді? Қызым Бибісара Асаубаеваның өтінішіне жауап ретінде Спорт министрлігі оның жалақысы үш есе қысқарғанын, себебі шахмат басым спорт түрі емес екенін айтты. Бірақ бұл мәлімдеме нормативтік актілерге де, ведомствоның өз әрекетіне де қайшы”, — деп жазды ол.

“Шахмат басым спорт түрлерінің тізімінде бар”

Лиана Хәкім өз жазбасында Спорт министрлігінің №293 бұйрығына сілтеме жасады. Оның айтуынша, құжаттың №1 қосымшасындағы 35-тармақта шахмат Азия ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрі ретінде республикалық басым бағыттар тізіміне енгізілген.

Осыған байланысты министрлікке бірнеше сұрақ қойды.

“Неге министрліктің өз бұйрықтарын білмейді? Егер министрлік шахматты басым спорт түрі емес десе, онда Бибісара қандай негізде Спортты дамыту департаменті тарапынан 300 мың теңге жалақы алып келді?” — деді Лиана Хәкім.

Бибісараның заңды төлем алуға құқығы бар 

Лиана Хәкім сондай-ақ 2025 жылғы 11 тамыздағы №159 бұйрықты атап өтті. Оның сөзінше, бұл құжатқа сәйкес, Бибісара Асаубаева көптеген халықаралық жеңістері үшін жергілікті атқарушы органдар есебінен ай сайынғы қаржылай қолдау алуға заңды түрде құқылы.

Дегенмен спортшының анасы бұл төлемдердің де ешқашан берілмегенін мәлімдеді.

“Бұл төлемдерді ешқашан алған емес. Облыстық спорт комитеттерінің барлық басшыларын спорт министрі тағайындайды. Бізде лайықты еңбекақы алуға жеткілікті заңды негіз бар”, — деп жазды ол.

Лиана Хәкім министрлік өкілдерінің сөзінен кейін Бибісара Асаубаеваға қатысты әлеуметтік желіде сын мен хейт көбейгенін айтты. Ол бөлінген қаражат шахматшының жеке баюына емес, кәсіби дайындық шығындарын жабуға жұмсалғанын түсіндірді.

“Бибісара бұл ақшаны жеке табыс ретінде алған жоқ. Бөлінген қаражаттың барлығы халықаралық бапкерлерге төлем жасауға, 20-30 пайыздық салықты өтеуге, ұшақ билеттеріне, тұру шығындарына, оқу-жаттығу жиындары мен турнирлердегі командаға арналған тәуліктік төлемдерге жұмсалды. Бұл – кез келген спорт түріндегі қалыпты тәжірибе, жеке баю емес”, – деді Хәкім.

Министрліктен ашық статистика жариялауды сұрады

Шахматшының анасы Туризм және спорт министрлігіне басқа спорт түрлеріне бөлінетін қаражат бойынша толық әрі ашық статистика ұсынуды талап етті. Оның айтуынша, министрлік пен өңірлік спорт комитеттері, сондай-ақ Sport Qory қоры арқылы бөлінетін қаражат қоғамға ашық көрсетілуі тиіс.

“Қаржы кімге және қанша бөлінетінін де министр шешеді. Оны нәтижелермен салыстырып көріңіздер. Халық қандай спорт түрлері бюджет қаражатын ақтап жүргенін, ал қайсысы медальсіз-ақ миллиондаған теңге алып отырғанын көрсін”, — деп жазды ол.

Бибісара Қазақстан туын қорғауды абырой санайды

Лиана Хәкім кәсіби чемпион дайындау үшін ата-ана ретінде әлі күнге дейін жеке қаражатын жұмсап келе жатқанын айтты. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бұған дейін көрсетілген қолдауға алғыс білдірді.

Оның сөзінше, Бибісара Асаубаева бұл қолдауды әлемдік аренадағы жеңістерімен бірнеше рет ақтаған.

“Біз өз елімізді мақтан тұтамыз. Қазақстанның туын қорғау — біз үшін үлкен мәртебе. Қолдау білдіріп жатқан баршаңызға рақмет. Көпұлтты халқымыздан Бибісараны қолдауды сұраймын! Алда Отанымыз үшін әлі талай жеңіс бар”, – деп түйіндеді ол.

Бибісара Асаубаева мен Министрлік арасындағы дау

Айта кетейік, бұған дейін Бибісара Асаубаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, көмек сұраған еді. Ол өзіне жеткілікті қолдау көрсетілмей жатқанын айтып, жалақысының үш есе қысқарғанын мәлімдеген.

Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі шұғыл брифинг өткізіп, шахматшыға қатысты шығындар туралы мәлімет жариялады. Вице-министр Серік Жарасбаев Бибісара Асаубаеваның жалақысы үш есе азайғанын растады және оның себебін түсіндірді.

Сондай-ақ кейбір спортшылардың “қатты еркелеп кеткенін” айтқан. Бұған жауап ретінде Бибісара Асаубаева жаңа жазба жариялап, министрліктің шахматты басым спорт түріне жатқызбау туралы жауабына қатаң реакция білдірді.

Реклама
Реклама