Асаубаева мен Синдаров жарты миллион еуро жүлдеге таласады

Бокс шолушысы

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева рапид пен блицтен командалық әлем чемпионатына қатысу үшін Гонконгқа жетті. 

Асаубаева мен Синдаров жарты миллион еуро жүлдеге таласады
instagram/@bibisarachess

Фотосурет жариялады

Қазақстан шахматының көшбасшыларының бірі Бибісара Асаубаева Гонконгтағы қонақүйден фото жариялады. Суретте өзбекстандық шахматшылар Жавохир Синдаров және Мұхиддин Мадаминовпен бірге түскен.

Асаубаева Instagram парақшасындағы жазбасында:

“Компашка қайта жиналды”, — деп қысқа пікір қалдырды.

Бұл жарияланым шахмат жанкүйерлері арасында ерекше назар аудартты. Себебі Асаубаева да, Синдаров та алдағы әлемдік додада жүлдеге үміткерлер қатарында саналады.

Асаубаева мен Синдаров әлем чемпионатында бақ сынайды

Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров Қытайдағы командалық әлем чемпионатында өз командаларының намысын қорғайды. Турнир рапид және блиц форматында өтеді.

Өзбекстандық гроссмейстер Мұхиддин Мадаминов та бұл жарысқа қатысады. Ол халықаралық турнирлерде Асаубаева мен Синдаровқа секундант ретінде де көмектесіп жүргені белгілі.

Бибісара Асаубаева үшін соңғы ірі табыстардың бірі – Ослодағы беделді Norway Chess-2026 турниріндегі жеңіс болды. Бұл нәтиже қазақстандық шахматшының халықаралық аренадағы беделін тағы бір мәрте арттырды.

Жавохир Синдаров та сәтті маусым өткізіп жатыр. Ол ФИДЕ әлем кубогында және Кипрдегі Үміткерлер турнирінде жеңіске жеткен.

Ал Мұхиддин Мадаминов жуырда Ташкенттегі UzChess Cup 2026 халықаралық турнирінде сенсациялық жеңіске жетті. Ол жарыс барысында бірнеше мықты шахматшыны, соның ішінде Ян Непомнящийді де ұтқан.

Әлем чемпионаты қайда және қашан өтеді?

Рапид пен блицтен командалық әлем чемпионаты 2026 жылдың 17-21 маусым аралығында Гонконгтағы Queen Elizabeth Stadium аренасында өтеді.

Бұл – Халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастыратын ресми коммерциялық клубтық турнир. Аталған жарыс командалық әлем біріншілігінің төртінші рет өткізілуі болмақ.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 500 000 еуро. Рапид бойынша жеңімпаз команда 110 000 еуро иеленсе, блицтегі үздік ұжымға 75 000 еуро беріледі.