Қазақстандық семсершілер Олимпиада чемпиондарын жеңді (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы
23.06.2026, 17:13

Қазақстан ерлер құрамасы Үндістанда семсерлесуден Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

instagram/@kazakhstan_fencing

Азия чемпионатындағы тарихи жеңіс

Үндістан астанасында 19-24 маусым аралығында семсерлесуден Азия чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы кезекті жүлде еншіледі. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, Қазақстан қоржынына төртінші медаль түсті. Бұл жолы ел намысын қорғаған ерлер командасы шпагамен семсерлесуден Азия чемпионы атанды.

Қазақстан құрамасы сапында Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Никита Жулинский және Кирилл Проходов өнер көрсетті. Олар шешуші кезеңде Жапония құрамасымен кездесті. Айта кетейік, Жапония семсершілері соңғы екі Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен. Олар алтын және күміс медаль жеңіп алған.

Финалдық кездесу өте тартысты өтті. Қос команда да ұзақ уақыт бойы тең дәрежеде айқасты. Бірақ шешуші сәтте қазақстандықтар басымдық танытып, кездесуді 45:40 есебімен жеңіспен аяқтады.

Төрт медаль бар

Осылайша Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы жүлде санын төртке жеткізді. Бұған дейін жеке сында Ирина Бакалдина шпагамен семсерлесуден чемпион атанса, Руслан Құрбанов қола жүлдеге қол созды. Сонымен қатар ерлер арасында қылышпен командалық сайыста қазақстандықтар қола медаль жеңіп алды.

Реклама
Реклама