Қазақстандық мергендер Германиядағы әлем чемпионатында топ жарды

Спорт шолушысы

Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы стенд атудан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медаль иеленді.

Қазақстандық мергендер Германиядағы әлем чемпионатында топ жарды
Olympic.kz

Қазақстандық спортшылар әйелдер арасындағы командалық трап сайысында үздік нәтиже көрсетіп, финалда 337 ұпай жинап, әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

Чемпионат нәтижесі

Алтын медальға Элеонора Ибрагимова, Мария Горун және Милана Папчихина қол жеткізді. 

Күміс жүлде Италия құрамасына бұйырды. Валентина Арчетти, Стелла Пьяцца және Мартина Монтани өнер көрсеткен команда 335 ұпай жинады.

Ал бейтарап ту астында қатысқан Ресей спортшылары Дара Чупина, Ксения Степина және Ксения Татаринова 334 ұпаймен үшінші орынға тұрақтап, қола медаль иеленді.

Қоржындағы екінші жүлде 

Осылайша Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі жүлдеге ие болды. Бұған дейін нысана көздеуден Ринат Казаченко кіші калибрлі винтовкамен үш қалыпта ату бағдарламасында күміс медаль жеңіп алған болатын.