Қазақстандық мерген әлем чемпионатында алтын алды
Қазақстан құрамасы Германияның Зуль қаласында оқ және стенд атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір жүлде жеңіп алды.
Асылым Жақия әлем чемпионы атанды
Асылым Жақия оқ атудан 25 метр қашықтықтағы стандартты шағын калибрлі тапанша сайысында үздік нәтиже көрсетті. Финалдық есепте 554 ұпай жинады. Осы нәтиженің арқасында қазақстандық мерген жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Екінші орынды үндістандық Шауля Дилип Бхарне иеленді. Ол 552 ұпай жинады. Қола жүлде тағы бір үндістандық мерген Рия Дуггалға бұйырды. Оның нәтижесі де 552 ұпай болды.
Қазақстан құрамасының Зульдегі үшінші медалі
Асылым Жақияның бұл жеңісі Қазақстан құрамасы үшін Германиядағы әлем біріншілігіндегі үшінші жүлде болды.
Бұған дейін стенд атудан Қазақстанның әйелдер командасы “трап” бағдарламасында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен бірег Ринат Казаченко оқ ату сайысында ел қоржынына күміс жүлде салды.