Алуа Нұрман әлемнің екінші шахматшысын жеңіп, ФИДЕ ӘЧ-2026 турнирінде күміс алды
Қазақстандық шахматшы Гонконгте өткен рапид пен блицтен командалық әлем чемпионатында күміс медаль еншіледі.
Жеке тақтада күміс жүлдеге ие болды
Алуа Нұрман әйелдер тақтасындағы нәтижесі бойынша күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық шахматшы турнирден кейін әлеуметтік желідегі парақшасында жарыстғы әсерін бөлісті.
Айтуынша бұл чемпионат жыл сайынғы ең қызықты әрі ерекше турнирлердің бірі саналады. Себебі командалар құрамында әртүрлі елдердің және түрлі деңгейдегі шахматшылар ойнай алады.
Barys командасы фавориттерді жеңді
Алуа Нұрман өнер көрсеткен Barys командасы рапид бәсекесінде бірнеше жарқын матч өткізді. Қазақстандықтар басты фавориттердің бірі саналған WR Chess командасын 4:2 есебімен жеңді.
Бұл ұжымның құрамында Магнус Карлсен мен Фабиано Каруана секілді әлемдік деңгейдегі гроссмейстерлер болғанын ескерсек, Barys командасының жеңісі турнирдегі ең назар аударарлық нәтижелердің біріне айналды.
Сондай-ақ Barys болашақ қола жүлдегер Hexamind командасымен тең ойнап, соңғы турға дейін жоғары орындар үшін күресті. Бірақ шешуші кезеңде үндістандық MGD1 командасынан жеңіліп, рапид қорытындысы бойынша 9-орынға тұрақтады.
Әлемнің екінші нөмірін ұтты
Блиц турнирінің 1/8 финалында Barys командасы кейін абсолютті чемпион атанған Қытайдың Dragon Chilling ұжымымен кездесті. Дәл осы қарсыластықта Алуа Нұрман үлкен сенсация жасады.
Қазақстандық шахматшы ФИДЕ рейтингіндегі әлемнің екінші нөмірі, қытайлық Лэй Тинцзені жеңіп шықты. Жеке мини-матчта Нұрман қарсыласынан 1,5:0,5 есебімен басым түсті.
Алуа Нұрманның сөзінше, турнир барысында ол 12-ші әлем чемпионын жеңіп, былтырғы Әлем кубогының иегерін ұтқан, сондай-ақ қазіргі әлем чемпионымен тең ойнаған.
Barys блицте плей-оффқа шықты
Barys командасы блиц жарысында плей-офф кезеңіне жолдама алды. 1/8 финалда олар қытайлық Dragon Chilling командасымен кездесті.
Алғашқы матч 3:3 есебімен тең аяқталды. Екінші кездесуде тартысты күрес болғанымен, Barys 2:4 есебімен есе жіберді. Кейін Dragon Chilling турнирдегі жеңісті жолын жалғастырып, рапид пен блицтің екеуінде де чемпион атанды.
Гонконгтегі әлем чемпионатында Қазақстан атынан бірнеше команда өнер көрсетті. Barys рапидте 9-орын алып, блицте Dragon Chilling командасына 1/8 финалда жол берді.
Ал Бибісара Асаубаева ойнаған Kazchess командасы рапидте 7-орын иеленді. Блицтің 1/8 финалында бұл ұжым үндістандық Team MGD1 командасынан жеңілді.
Турнирдің басты жеңімпазы Қытайдың Dragon Chilling командасы болды. Құрамында Дин Лижэнь мен Цзюй Вэньцзюнь секілді танымал шахматшылар ойнаған ұжым Гонконгте рапид пен блиц жарыстарында қатар топ жарды.