"Жетісу" бас бапкермен қоштасты

Жекпе-жек шолушысы

Талдықорғандық футзал клубы бас бапкер Биро Жаденің қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады.

"Жетісу" бас бапкермен қоштасты
instagram/@mfc.jetisu

“Жетісу” Биро Жадеге алғыс айтты

Клуб өкілдері маманның бірнеше маусым бойы атқарған еңбегін ерекше атап өтті. Ресми хабарламада Биро Жаденің ойыншылардың дамуына, ұжымның бірігуіне және команданың алға жылжуына үлес қосқаны айтылған.

“Биро Жадеге “Жетісу” футзал клубының бас бапкері ретінде үш маусым бойы атқарған жұмысы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздің кәсібилігіңіз, еңбекқорлығыңыз және іске деген адалдығыңыз команданың қиындықтарды еңсеріп, өсуіне мүмкіндік берді”, — делінген клуб мәлімдемесінде.

Бразилиялық маман клубты екі рет басқарды

Биро Жаде “Жетісуды” екі кезеңде жаттықтырды. Ол алғаш рет талдықорғандық клубқа 2019 жылдың тамыз айында келді. Бірақ 2019/2020 маусымы коронавирус пандемиясына байланысты толық аяқталмады. Сол кезде “Жетісу” турнир кестесінде төртінші орында тұрған. Кейін клуб уақытша таратылды. 

Бразилиялық маман екінші мәрте командаға 2023/2024 маусымы алдында оралды. Сол маусым қорытындысы бойынша талдықорғандықтар чемпионатта 6-орын алды.

Жүлдесіз қалды

Келесі, яғни 2024/2025 маусымында “Жетісу” чемпионатты 7-орынмен аяқтады. Команда бұл кезеңде медаль да, трофей де жеңіп ала алмады.

Осы нәтижелерден кейін клуб басшылығы командаға қатысты маңызды шешім қабылдады.

Маусым қорытындысы бойынша “Жетісу” басшылығы команданы Бірінші лигаға көшіру туралы шешім шығарды. Бұл ақпаратты клуб 10 маусым күні ресми түрде растаған.