Бибісара Асаубаева Өзбекстандағы шахмат Олимпиадасына қатысатынын растады
Қазақстандық шахмат жұлдызы Самарқандта өтетін дүниежүзілік шахмат Олимпиадасына қатысатынын мәлімдеді.
Самарқандқа баратынын айтты
Шахматшы қазіргі сапары кезінде Ташкенттегі жанкүйерлерімен кездескісі келгенін, бірақ уақыттың тығыздығына байланысты бұл жоспарды кейінге қалдырғанын жеткізді.
“Кездесу туралы айтсам, бұл жолы оны үлкен форматта өткізу мүмкін болмай тұр. Себебі осы аптада ұшып кетемін. Келесі жолы Самарқандқа Олимпиадаға келгенде, көпшілік турнирді көруге келеді деп ойлаймын. Мүмкін, жарыстан кейін Ташкентте 30-50 адамға арналған жабық кездесу өткіземін. Ол хаосқа айналмас үшін алдын ала тіркеу болады”, – деп жазды Бибісара Telegram-арнасында.
Шахмат Олимпиадасы қашан өтеді?
46-шы дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы 2026 жылдың 15-28 қыркүйегі аралығында Самарқанд қаласында өтеді. Бұл жарыс – әлемдік шахмат күнтізбесіндегі ең ірі әрі ең маңызды командалық турнирлердің бірі. Дода Халықаралық шахмат федерациясының, яғни ФИДЕ-нің ұйымдастыруымен өтеді.
Алдын ала болжам бойынша Самарқандтағы Олимпиадаға әлемнің әр түкпірінен 200-ге жуық команда қатысады. Әр мемлекет ашық және әйелдер секциясында өз құрамасын ұсынады.
Өзбекстандағы шахмат Олимпиадасына әлемнің мықты гроссмейстерлері, рейтинг көшбасшылары, қазіргі чемпиондар және жас жұлдыздар қатысады деп күтілуде.
Турнир жеке емес, командалық форматта өтетіндіктен, шахматшылар өз елінің намысын қорғайды. Қазақстан құрамасы үшін де бұл жарыс маусымдағы ең маңызды сындардың бірі болмақ.
Бибісараның 2026 жылғы жетістігі
Биыл маусым айында Бибісара Асаубаева Ослода өткен Norway Chess Women-2026 элиталық турнирінде сенсациялық жеңіске жетті. Қазақстандық шахматшы жарыстағы ең жас қатысушы бола тұра, әлемнің үздік шахматшыларын артта қалдырды.
Олардың қатарында қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь де бар.
Норвегиядағы табысты өнерінен кейін Асаубаева ФИДЕ-нің 2026-2027 маусымына арналған әлемдік сериясының жалпы есебінде көш бастады.
Сәтті нәтижелерінің арқасында Бибісара Асаубаева әлемнің ең мықты шахматшылары рейтингінде 7-орынға тұрақтады. Оның қазіргі рейтингі – 2527 ұпай.