"Семей" Алматыда "Қайратты" жеңіп, финалдық серияда алға шықты (ВИДЕО)
Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалдық сериясында "Семей" маңызды жеңіске жетті.
"Қайрат" өз алаңында жеңілді
Кездесу тартысты басталды. Қонақтар ойынның үшінші минутында есеп ашты. Ауттан кейінгі комбинацияны Габриэль Кандидо дәл соққымен аяқтады.
13-минутта "Семей" капитаны Шыңғыс Есенаманов алаң ортасында доптан айырылып қалды. Осы мүмкіндікті Аттирсон тиімді пайдаланып, таразы басын теңестірді.
Бірақ көп ұзамай семейліктер қайта алға шықты. 15-минутта Родригиньо қонақтардың ұзаққа созылған шабуылын нәтижелі аяқтады. Бұл эпизодта Дедезиньоның өкшемен берген әдемі пасы шешуші рөл атқарды.
Жарық өшіп, матч уақытша тоқтады
Екінші таймда ойын күтпеген жағдайға байланысты біраз уақытқа тоқтатылды. Аренада жарық сөніп, төрешілер кездесуді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Ойын қайта жалғасқаннан кейін "Қайрат" есепті теңестіруге тырысып, шабуылға көбірек көңіл бөлді. Бірақ алматылықтардың белсенділігі өз қақпаларына қауіп төндірді.
Қонақтар жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, Камиль Герейханов "Семейдің" басымдығын екі допқа жеткізді.
Кездесудің соңғы бөлігінде "Қайрат" есеп айырмасын қысқартты. Біржан Оразов қапталда қарсыласын алдап өтіп, дәл пас шығарды. Бұл мүмкіндікті Уго Невеш голға айналдырды.
Дегенмен алаң иелерінің финалдық қысымы нәтиже берген жоқ. Керісінше "Қайрат" қақпашысыз ойнаған сәтте тағы бір гол жіберіп алды. Герейханов бос қақпаға дәл соғып, матчтың соңғы есебін тіркеді — 4:2.
Финалдық сериядағы есеп — 2:1
Осылайша "Семей" Алматыдағы үшінші ойында "Қайратты" 4:2 есебімен жеңіп, финалдық серияда алға шықты — 2:1.
Айта кетейік, серияның алғашқы екі матчы Семейде өткен. Екі кездесу де негізгі уақытта 2:2 есебімен тең аяқталып, жеңімпаздар пенальти сериясында анықталды. Бірінші ойында "Қайрат" 6:5 есебімен жеңсе, екінші матчта дәл сондай есеппен "Семей" басым түсті.
Финалдық серия үш жеңіске дейін жалғасады. Төртінші кездесу ертең Алматыда өтеді.