Бибісара Асаубаева Women’s Speed Chess-2026 ширек финалында әлем кубогы иегерімен кездеседі
Қазақстандық шахматшы жартылай финал жолдамасы үшін үндістандық Дивья Дешмукхпен шеберлік сынасады.
Ширек финалға сенімді шықты
Бибісара Асаубаева турнирдің 1/8 финалында өзбекстандық Афруза Хамдамовамен кездесті. Қазақстандық гроссмейстер қарсыласынан 10,5:3,5 есебімен басым түсіп, жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды.
Ал Дивья Дешмукх америкалық Роуз Этвеллді 14:1 есебімен ойсырата жеңді. Үндістандық шахматшы бұл матчта бірде-бір партияда жеңіліс тапқан жоқ.
Дивья Дешмукх қандай жетістіктерге жетті?
20 жастағы Дивья Дешмукх әлемдегі ең дарынды жас шахматшылардың бірі саналады.
Оның басты жетістіктері:
- 2025 жылы ФИДЕ әлем кубогын жеңіп алды;
- халықаралық гроссмейстер атағына ие болды;
- Үміткерлер турниріне жолдама алды;
- 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында командалық және жеке есепте екі алтын медаль иеленді.
Осы нәтижелер Дешмукхті Women’s Speed Chess-2026 турнирінің басты фавориттерінің қатарына қосып отыр.
Асаубаева мен Дешмукх бұған дейін кездескен
Бибісара Асаубаева үшін алдағы матч жақсы таныс әрі принципті қарсыласқа қарсы өтеді.
Сәуір айында Үміткерлер турнирінің соңғы турында қазақстандық шахматшы Дешмукхпен тең ойнаған. Сол жарыстың қорытындысында Асаубаева екінші орын алды.
Бірақ маусымда Бибісара қарсыласынан есесін қайтарды. Ол Norway Chess Women 2026 турнирінде үндістандық шахматшыны жеңіп, жарыс аяқталмай жатып чемпиондық атақты қамтамасыз етті.