Жарнама
Жарнама

Ағайынды спортшылар Сингапурда үш алтын медаль жеңіп алды

Отандастарымыз әр жас санатында сынға түсіп, Қазақстан қоржынына жалпы төрт жүлде салды.  

Ағайынды спортшылар Сингапурда үш алтын медаль жеңіп алды
sportarena.kz

Қазақстандық шахматшылар Алдияр және Әлімжан Жауынбай Сингапурда өткен 24th ASEAN+ Age-Group Chess Championships 2026 халықаралық турнирінде жоғары нәтиже көрсетті.

Алдияр Жауынбай екі дүркін чемпион атанды

Ағайындылардың үлкені, FIDE шебері Алдияр Жауынбай 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында өнер көрсетті.

Қазақстандық шахматшы рапид бәсекесінде 5,5 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Ол шешуші кезеңде Филиппин өкілі, халықаралық шебер Кристиан Джан Карло Арка мен вьетнамдық Чан Зя Фук Фамды артта қалдырды. 

Алдиярдың екінші алтын медалі блицтен келді. Тоғыз турдың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 7 ұпай жинап, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды Вьетнам шахматшысы Чан Зя Фук Фам иеленсе, үздік үштікті Филиппин өкілі Кристиан Джан Карло Арка түйіндеді.

Ал классикалық шахматта Алдияр жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. Ол 6,5 ұпаймен төртінші орын алды. Алғашқы үш орынға жайғасқан шахматшылар да дәл осындай ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер қазақстандықтың пайдасына шешілмеді.

Әлімжан Жауынбай да алтынсыз қалмады

Жауынбай әулетінің кіші өкілі, FIDE шебері Әлімжан Жауынбай 12 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жарысқа қатысты.

Ол блицтен тамаша нәтиже көрсетіп, 8 ұпай жинады және алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық шахматшы бұл бәсекеде вьетнамдық қарсыластарын артқа тастады.

Классикалық шахматта Әлімжан 7 ұпай жинап, күміс жүлдеге ие болды. Бірінші орын алған Вьетнам өкілі Фан Хоанг Куан Ле де 7 ұпай еншілеген. Алайда қосымша көрсеткіш бойынша басымдық вьетнамдық шахматшыға берілді.

Осылайша, Алдияр мен Әлімжан Жауынбай Сингапурдағы халықаралық шахмат чемпионатында төрт медаль — үш алтын және бір күміс жүлде жеңіп алды. Алдияр рапид пен блицте топ жарса, Алимжан блицтен чемпион атанып, классикалық шахматтан екінші орынға тұрақтады.

Жарнама
Жарнама