Қазақстандық бессайысшылар Қытайдағы әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады
Ерлер мен әйелдер жекелей сында жартылай финалға өтпеді, ал эстафетада үздік нәтиже жетінші орын болды.
Қытайдың Гуйянь қаласында қазіргі бессайыстан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасының спортшылары жекелей, эстафеталық және командалық сындарда өнер көрсетті.
Алайда жекелей жарыста қазақстандық бессайысшылардың ешқайсысы жартылай финалға өте алмады.
Ерлер арасындағы нәтиже
Ерлер бәсекесінде Қазақстан атынан бес спортшы сынға түсті.
- А іріктеу тобында Кирилл Стадник 20-орын иеленді.
- В тобында Тихон Варёхин 16-нәтиже көрсетті, ал Темірлан Абдраимов 21-орынға тұрақтады.
- С тобында Данил Богданов 17-орын алса, Лев Чувашов 18-сатыдан көрінді.
Іріктеу қорытындысы бойынша олардың ешқайсысы жартылай финалға жолдама ала алмады.
Әйелдер де іріктеуден өте алмады
Әйелдер арасында Қазақстанның үш өкілі өнер көрсетті.
- А тобында Аяна Қазбекова 21-орын алды.
- В тобында Юлиана Петрова 27-орынға, ал Ярославна Понер 30-орынға тұрақтады.
Осылайша, Қазақстан спортшылары әйелдер арасындағы жекелей сында да іріктеу кезеңінен аса алмады.
Эстафетада үздік нәтиже – жетінші орын
Қазақстан құрамасы эстафеталық жарыстарға да қатысты.
Ерлер арасында Темірлан Абдраимов пен Лев Чувашов жұбы жетінші орын алды.
Әйелдер эстафетасында Аяна Қазбекова мен Юлиана Петрова тоғызыншы нәтиже көрсетті.
Ал аралас эстафетада Ярославна Понер мен Кирилл Стадник те тоғызыншы орынға тұрақтады.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы командалық есепте Қазақстан құрамасы 11-орын алды. Ерлер арасында ұлттық құрама 13-сатыға жайғасты.