Жарнама
Жарнама
Қазақстандық шелошабандоз Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды
inbusiness.kz

Қазақстандық шелошабандоз Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды

Тас жолдағы велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыста Алексей Луценко мәреге бірінші болып жетті.

Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына жетінші алтын медаль түсті.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, тас жолдағы велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыста Алексей Луценко мәреге бірінші болып жетті.

Қазақстандық велошабандоз жарыс жолын 4 сағат 13 минут 11 секундта аяқтап, алтын медаль иеленді.

Бұл – Луценконың Аичи-Нагоя-2026 ойындарындағы екінші алтыны. Бұған дейін ол жарыстың алғашқы күнінде жекелей сында жеңіске жеткен еді.

Азия ойындарының алты дүркін чемпионы

Осы жеңістен кейін Алексей Луценко жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізді.

Оның Азия ойындарындағы нәтижесі:

  • Инчхон-2014 – 1 алтын;
  • Джакарта-2018 – 2 алтын;
  • Ханчжоу-2022 – 1 алтын, 1 күміс;
  • Айти-Нагоя-2026 – 2 алтын.

Осылайша, Луценко Азия ойындары тарихында ең көп алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы атанды.

Бұған дейін бұл көрсеткіш бойынша каноэде ескек есуден Қазақстан құрамасының өкілі Константин Негодяев көш бастап тұрған. Ол Хиросима мен Бангкоктағы Азия ойындарында жалпы бес алтын медаль жеңіп алды. 

Луценконың басқа жетістіктері

Қазақстан велоспортының ең танымал өкілдерінің бірі Алексей Луценко кәсіби мансабында халықаралық деңгейде бірнеше мәрте ірі жеңіске жетті.

Ол 2012 және 2013 жылдары U23 санатында әлем чемпионатында топ жарып, кейін "Париж – Ницца" және "Вуэльта Испания" секілді беделді жарыстардың жекелеген кезеңдерінде жеңіске жетті.

Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін өтеді. Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы 35 спорт түрінен жүлдеге таласып жатыр.

Жарнама
Жарнама