Азиада-2026: Қазақстан ауыр атлетикадан алғашқы медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында ауыр атлетикадан алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.
Алты мүмкіндіктің бәрін сәтті пайдаланды
Қазақстан құрамасының 77 келі салмақтағы көшбасшысы Аянат Жұмағали қоссайыс қорытындысында 246 келіні бағындырды. Ол жұлқа көтеруде 109 келі, ал серпе көтеруде 137 келі нәтижесін көрсетті. Ең маңыздысы – қазақстандық зілтемірші жарыс барысында жасаған алты мүмкіндігінің барлығын сәтті орындады.
Бұл Аянаттың Азия ойындарындағы алғашқы өнер көрсетуі болды.
77 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қорытынды нәтиже:
1. Рен Хэ (Қытай) – 258 кг (118+140);
2. Аянат Жұмағали (Қазақстан) – 246 кг (109+137);
3. Рейхане Карими (Иран) – 243 кг (107+136).
Осылайша Аянат Жұмағали Қазақстан қоржынына ауыр атлетикадан алғашқы жүлдені салды.
Қазақстан Азиада-2023 нәтижесін қайталады
Бұл нәтиже арқылы Қазақстан ауыр атлетикадан өткен Азия ойындарындағы жетістігін кемінде қайталап үлгерді. 2023 жылғы Азиадада ел құрамасына ауыр атлетикадан жалғыз медальды Александр Уваров әкелген еді. Ол 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды.
Ал 2026 жылғы Азия ойындарында қазақстандық ауыр атлеттердің жарысы әлі жалғасады. Алда Алексей Чуркин (85 кг), Нұрғиса Әділетұлы (95 кг), Айғаным Жанболат (86 кг) және Любовь Ковальчук (+86 кг) сынға түседі.
Аянат Жұмағали туралы
Аянат Жұмағали 2007 жылы 11 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылында дүниеге келген. Жеке бапкері – Айбол Қолбаев. Жас зілтемірші бұған дейін де халықаралық жарыстарда бірнеше ірі жетістікке жеткен:
- 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы;
- 2024 жылғы жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының абсолютті жеңімпазы;
- 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері;
- 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы.
Аянат Жұмағали – Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері.