Қазақстан үш алтынның арқасында командалық есепте көтерілді
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарының 13-ші жарыс күнінен кейін медальдық есепте сегізінші орынға шықты.
Қазақстанның медаль саны қанша?
Қазақстандық спортшылар әзірге 12 алтын, 21 күміс және 44 қола медаль жеңіп алды. Алдыңғы жарыс күнін тоғызыншы орында аяқтаған құрама бір саты жоғарылады. Қазақстан медальдық есепте Таиландтан кейін орналасып, Бахрейннің алдында тұр.
Көш басындағы үш елдің көрсеткіші:
- Қытай: 162 алтын, 81 күміс, 73 қола – барлығы 316 медаль;
- Жапония: 72 алтын, 83 күміс, 85 қола – барлығы 240 медаль;
- Оңтүстік Корея: 33 алтын, 39 күміс, 62 қола – барлығы 134 медаль.
Үш алтынды кімдер жеңіп алды?
2 қазанда қазақстандық спортшылар 13 жүлде: үш алтын, екі күміс және сегіз қола медаль иеленді.
Бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанды. Екеуі де финалдағы қарсыластарын төрешілердің бірауызды шешімімен – 5:0 есебімен жеңді.
Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта иорданиялық Зеяд Ишаиштен басым түсті. Ал 90 келіден жоғары салмақта Оралбай өзбекстандық Жахонгир Зокировты ұтты.
Үшінші алтынды таеквондошы Темірлан Тілеулес әкелді. Ол 58 келіге дейінгі салмақтың финалында филиппиндік Курт Брайан Барбосаны 2:0 есебімен жеңді.
Сұлтанова мен Сыздықова күміс алды
Велошабандоз Рината Сұлтанова омниум жарысында 133 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Алтын медаль жапониялық Юми Кадзихараға бұйырды.
Әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Ол финалда Олимпиада чемпионы Юка Кагамиге 1:5 есебімен есе жіберді.
Қоржынға сегіз қола медаль түсті
Күрестен Начын Куулар, Едіге Қасымбек және Зейнеп Баянова үздік үштікке кірді. Куулар Солтүстік Корея өкілін 7:5 есебімен жеңді. Қасымбек түрікменстандық қарсыласынан басым түссе, Баянова үндістандық балуанды 11:4 есебімен ұтты.
Сондай-ақ қола жүлдені:
Екатерина Токарева – дзюдодан;
Сейілхан Болатбек – джиу-джитсудан;
Батырхан Төлеуғали – таеквондодан;
Рита Бақышева – виртуалды таеквондодан;
Юлия Путинцева мен Анна Данилина – теннистен әйелдер арасындағы жұптық сында жеңіп алды.
Азиада-2026 жарыстары 4 қазанда аяқталады.