Айбек Оралбай өзбекстандық қарсыласын жеңіп, Азиада чемпионы атанды
Қазақстандық гүрзі жұдырықты Азия ойындарының финалында Жахонгир Зокировтан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды.
Оралбай финалда қалай жеңді?
Бойы қарсыласынан аласа болғанына қарамастан Айбек алғашқы раундтан рингтің ортасын иеленіп, шабуылға жиі шықты. Зокиров қорғанысқа басымдық беріп, қарымта соққылармен жауап қайтаруға тырысты. Бірінші раундта төрешілердің үшеуі қазақ боксшысын, екеуі өзбекстандықты жеңімпаз деп таныды.
Екінші раундта Оралбай қарқынын бәсеңдетпеді. Ал Зокиров ереже бұзғаны үшін ескерту алды. Бұл кезеңде бес төреші де Айбектің басымдығын мойындады.
Үш раундтың қорытындысында Оралбай бірауызды шешіммен жеңіске жетті – 5:0. Төрешілердің ұпайлары: 29:27, 29:27, 30:26, 30:26, 29:26.
Оралбай мен Зокировтың бәсекесі
Қос боксшы бұған дейін де бірнеше мәрте кездескен. Айбек 2024 жылдың соңында аса ауыр салмаққа ауысып, бірден Азия чемпионатында топ жарды. Сол турнирде Зокировты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.
Үш айға жуық уақыт өткен соң Софиядағы "Странджа кубогында" өзбекстандық боксшы қарымта қайтарды. Оралбайға нокдаун саналған кездесуде Зокиров төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіске жетті.
Ал 2025 жылы Ливерпульдегі әлем чемпионатының финалында Айбек қайтадан басым түсті. Ол үшінші раундтағы сәтті өнерінің арқасында төрешілердің бөлінген шешімімен әлем чемпионы атанды.
Боксшылардың екінші алтыны
Оралбай Азиада финалына дейін екі кездесуін де 5:0 есебімен жеңді. Зокиров алғашқы жекпе-жегінде бірауызды шешіммен басым түсіп, жартылай финалды мерзімінен бұрын аяқтаған.
Айбектің жеңісі бокстан Қазақстан құрамасына осы Азия ойындарындағы екінші алтын медальді әкелді. Бұған дейін Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды.
Осылайша, әлем чемпионы әрі Азияның үш дүркін чемпионы Айбек Оралбай жетістіктерін Азиада алтынымен толықтырды.