Жарнама
Жарнама
Алуа Нұрман мемлекеттік сыйақы берілмейтінін айтты
instagram.com/alua_nurman/

Алуа Нұрман мемлекеттік сыйақы берілмейтінін айтты

Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман Самарқандтағы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында жеңіп алған күміс медаль үшін мемлекеттік төлем қарастырылмағанын мәлімдеді.

Сыйақы берілмеуінің себебі қандай?

Нұрман Instagram парақшасында елге оралғаннан кейін Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жоғары спорт шеберлігі мектебінің қызметкерлерінен мемлекеттік сыйақы төленбейтінін жазды.

Шахматшының сөзінше, Олимпиададағы нәтиже спортшыларға ай сайынғы ақшалай төлем тағайындауға да негіз болмайды. Оған мұның себебін Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының тиісті жарыстар тізіміне енгізілмеуімен түсіндірген.

Нұрман спорт саласына жауапты органдардан бұл жағдайдың себебін түсіндіріп, турнирді аталған тізімге қосу мәселесін қарастыруды сұрады.

Қазақстан турнирді жеңіліссіз аяқтады

Алуа Нұрман әйелдер құрамасының ел тарихында екінші рет Олимпиада күмісін жеңіп алғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық шахматшылар жарыста бірде-бір рет жеңілмеген. Олар чемпион атанған Қытаймен және қола жүлдегер Үндістанмен тең ойнап, соңғы турға дейін алтын үшін күрескен.

Шахматшы бұл жетістіктің артында көпжылдық дайындық пен мыңдаған сағаттық жаттығу тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанда шахматтың басым спорт түрі ретінде танылғанын, Мемлекет басшысы мен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың қолдауын атап өтті.

Елназ Қалиахмет жеке көрсеткішімен ерекшеленді

Самарқандтағы Олимпиадада Қазақстан әйелдер құрамасы күміс медаль иеленді. Ал 16 жастағы Елназ Қалиахмет төртінші тақтада үздік нәтиже көрсетті.

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Самарқандтағы Олимпиадалардың қорытындысы бойынша шахматшылар мен парашахматшыларды марапаттаған.

Чемпиондарға Volkswagen Teramont Pro көліктері, коттедждер және әрқайсысына 200 мың доллардан табысталған. Қола жүлдегер парашахматшылар Volkswagen Passat Pro көліктерін, баспана және 50 мың доллардан алған. Бапкерлерге де ақшалай сыйақы қарастырылған.

Жарнама
Жарнама