Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа спорт кешені салынады.
Үкіметтің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға 1,1 млрд теңге бөлінген.
"Жоба "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң шеңберінде іске асырылуда. Президенттің тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражат өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталады.
Спорт кешені жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарына және жарыстар өткізуге арналған. Жобада бокс, күрес және басқа да спорт түрімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған", - делінген хабарламада.
Үкімет өкілдері таратқан мәлімет бойынша, 2024 жылы Қазақстанда барлығы 90 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде. Бұдан басқа, үкімет 2025 жылдың соңына дейін спорттық инфрақұрылымға ауқымды түгендеу бағдарламасын іске асырып жатқаны мәлім болды: 113 жаңа нысан салу және жұмыс істеп тұрған 26 спорт мекемесін реконструкциялау жоспарланған.
"Бүгінгі таңда үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 50,6 млрд теңге бөлді. Олардың қатарында 4 мектеп, оның ішінде біреуі музыкалық мектеп, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша бар.
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, таяуда премьер-министр Олжас Бектенов Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді – мемлекет кірісіне қосымша 525 млрд теңге аударылды.