Алматылық "Қайрат" ФК қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырза өздеріне сыйға табысталған көліктерге қатысты әсерлерін айтты.
Анарбеков YouTube-тағы The_DS_Show арнасына берген сұхбатында көлік берілетінін алдын ала білген. Оның айтуынша, видеода таңғалған кейіп таныту керек болғанымен шын мәнінде не болатынын жақсы түсінген. Қақпашы қазірдің өзінде жаңа көлігімен жүріп жүргенін де атап өтті.
Дегенмен түсірілім оған оңай тимеген. Себебі дәл сол кезеңде оның жақ сүйегі сынған болған.
"Кешке “таңертең барамыз” деді. Мұнда таңғы 7. Жағым сынған, дұрыс сөйлей алмадым. Сағат 9-да жақтағы скобаларды шешуі керек еді. Бірақ қайда бара жатқанымды білдім", – деді Анарбеков.
Ал Шерхан Қалмырза үшін бұл тосынсый болған. Оның сөзінше, командадағы жігіттер оған белгісіз адамдар костюм сыйламақ екенін айтқан. Ол костюм киіп көргеннен кейін өзіне бірден үш костюм табыс етіліпті.
Кейін ол күтпеген сәтте нағыз сыйлықтың автокөлік екенін аңғарған.
"Басымды көтеріп қарасам, бантик тағылған машина тұр. Сол кезде түсіндім де, еріксіз күліп жібердім. Эмоция басып кетті. Алғашында сенбедім, шок болдым. Өмірімде мұндай сыйлық жасап көрген емес", – деді Қалмырза.