Реклама
Реклама

Қарағанды облысының әкімі Серік Сәпиевке қатысты дауға үн қатты

Сарапшы, спорт журналисі
26.01.2026, 16:13

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасындағы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға қатысты пікір білдіріп, қоғамды асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Серік Сәпиев

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасындағы оқиғаға — Серік Сәпиевтің орынбасары Дәурен Есімхановпен жанжалына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz. Әкім жағдайға асығыс баға бермеуге, шұғыл қорытынды жасамауға шақырды.

"Тәртіп бұзушылық бар — ол үшін жауапкершілік арқалау қажет. Және үздіксіз атқарылуы тиіс жұмыс бар, ол заңға қатаң сай орындалуы керек. Біз бұл туралы бұған дейін де жария түрде айтқанбыз, енді тағы қайталаймын: осы жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеріс жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі", — деді Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.

Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметші заңды және қызметтік әдеп нормаларын сақтауы қажет екенін атап өтті. 

"Қоғамдағы кез келген келіспеушілік, жұмыс барысындағы даулар тек қана құқықтық тәсілдермен шешілуі тиіс. Әр басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Осыны бәріңіз есте ұстаңыздар", — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

2026 жылғы 23 қаңтарда біз Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары жанжалдың ортасында қалғанын жазған едік. Хабарламада олимпиада чемпионы мен Дәурен Есімхановтың (самбо, жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері) арасындағы төбелес 21 қаңтарда болғаны айтылған. 

Реклама
Реклама