Реклама
Реклама

"Әкем жетектеп апарды". Нұралы Әліп футболға дейін қай спортпен айналысқанын айтты

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 17:00

Санкт-Петербургтің "Зенит" клубында өнер көрсететін қорғаушы әрі Қазақстан құрамасының капитаны Нұралы Әліп спорттағы алғашқы қадамын еске алды. 

instagram/@nurik028

Алғашқы таңдау — күрес

Әліптің айтуынша, 2008 жылы әкесі алғаш рет күрес үйірмесіне апарған. Ол баласының спортпен тұрақты айналысқанын қалаған.

Нұралы жарты жылдай күреспен шұғылданғанын жеткізді. Сол кезеңде футбол ойнауға қатты қызыққанымен өз жасына арналған балалар клубында қабылдау болмаған.

Арада көп уақыт өтпей-ақ 1998–1999 жылы туған балалар үшін футболға іріктеу ашылады. Сол кезде Нұралының сыныптасы Абай осы секцияға бұрыннан қатысып жүрген. Ол Әліпке бірге баруды ұсынып, кейін болашақ капитан футболға біржола бет бұрады.

Әліп күн тәртібін де ерекше атап өтті. Сабақ түскі уақытта аяқталады, ал олар сағат 15:30-да автобусты күтіп, жаттығуға қатынаған. Алғашқы жаттығудың өзі-ақ оған қатты ұнаған.

13-нөмір және "Каспий" жейдесі

Футболға келгеннен кейін бір аптадан соң жолдастық матч өтеді. Сол ойында Нұралы алғаш рет ойынға арналған толық экипировка алып, арқасына 13-нөмірді жаздырғанын айтты.

Жас футболшы формасын тіпті ауладағы ойындарда да шешпей киіп жүрген. Бұрын балалар көбіне Роналдуның формасын таңдайтын болса, Нұралы содан кейін туған қаласы "Каспийдің" жейдесін киюді әдетке айналдырғанын жеткізді.

Айта кетейік, Нұралы Әліп Қазақстан ұлттық құрамасында 2025 жылдан бері капитандық міндет атқарып келеді.

Реклама
Реклама