Дастан Сәтпаев имиджін өзгертті (ВИДЕО)
Қазақстандық жас футболшы "Челсидегі" маусым алдындағы соңғы маңызды матч қарсаңында жаңа образбен көзге түсті.
Шаштараздың видеосы
Австралиялық барбер Зарун Мохаммед әлеуметтік желідегі парақшасында “Челси” футболшыларының жаңарған шаш үлгілерін жариялады. Олардың қатарында 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев та бар. Жарияланған кадрларда Коул Палмер, Марк Палестра, Аарон Ансельмино және Дастан Сәтпаевтың жаңа образы көрсетілген.
Қазақстандық футболшы шашын қысқартып, үстіңгі бөлігін арнайы үлгіде сәндеп қойған. Енді жанкүйерлер Сәтпаевты осы жаңа имиджімен алаңнан жақын күндері көруі мүмкін.
“Стэмфорд Бриджте” дебют жасауы мүмкін
“Челси” маусым алдындағы дайындық барысында бірнеше халықаралық жолдастық кездесу өткізді. Дастан Сәтпаев команда қатысқан төрт матчтың үшеуінде алаңға шығып үлгерді.
Қазақстандық шабуылшы алғашқы ойынында-ақ нәтижелі әрекетімен есте қалды. “Вестерн Сиднейге” қарсы кездесуде 6-минутта гол соқты. Осыған дейін Сәтпаев қатысқан “Челсидің” барлық кездесуі Англиядан тыс жерде өтті. Лондондық клуб Австралия, Индонезия, Малайзия және Гонконгта ойнады.
15 тамыздағы тарихи матч
15 тамызда Дастан Сәтпаев алғаш рет әйгілі “Стэмфорд Бридж” стадионында алаңға шығуы мүмкін. Лондондықтар жаңа маусым алдындағы қорытынды жолдастық кездесуін Испанияның “Реал Сосьедадқа” қарсы өткізеді.
Егер бапкерлер штабы қазақстандық футболшыға мүмкіндік берсе, бұл Сәтпаевтың “Стэмфорд Бриджтегі” алғашқы ойыны болмақ.
Англиядағы жаңа маусым 25 тамызда басталады.