Данияр Елеусінов алкогольге тәуелді болғанын ашық айтты (ВИДЕО)
Қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов алкогольге әуестігі ауруға айналғанын мойындады. Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарға үндеу жасап, өзін сынамауға шақырды.
Елеусінов алкогольге тәуелділігі Олимпиададан кейін басталғанын айтты. Боксшының сөзінше, уақыт өте келе ішімдікке деген әуестік күрделі мәселеге айналған.
“Олимпиададан кейін алкогольге деген әуестігім пайда болды. Оның қалай ауруға айналып кеткенін өзім де түсінбедім. Бұл күлетін нәрсе емес. Қазір адамдар мені сынап, күліп жатыр. Бірақ мұндай жағдай өз басына түспейінше, адам оны түсінбейді”, – деді Елеусінов Instagram желісіндегі парақшасында.
Боксшы қазақстандықтарға үндеу жасады
Елеусінов өзінің жағдайын халық дұрыс түсінбеуі мүмкін екенін де атап өтті. Боксшының пікірінше, адамның ерік-жігері мықты болғанымен, өмірде әртүрлі сынақ кездесуі мүмкін.
“Мен әлем чемпионы болдым, Азия ойындарында жеңдім, бәрін ұттым. Бірақ менің сынағым - осы. Әрқайсымыздың өз сынағымыз бар. Бұл - өмір. Сондықтан адамды өзі осындай жағдайдан өтпей тұрып айыптамаңыздар”.
Бұған дейін Данияр Елеусінов жол-көлік оқиғасына қатысып, оқиға орнынан кетіп қалған болатын. Сот шешімі бойынша спортшы 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 тәулік әкімшілік қамауға алынған.