"Мотиватор" Бекембетов анасы туралы айтып, эфирде көз жасына ерік берді (ВИДЕО)
Қазақстандық ММА файтері Әнуарбек Бекембетов өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірін еске алып, анасының қолдауы туралы сөз қозғағанда эмоциясын жасыра алмады.
Бекембетов қиын кезеңін еске алды
Әнуарбек Бекембетов Аман Тасығанның YouTube-арнасына берген сұхбатында басына қиындық түскен сәтте анасының жанынан табылғанын айтты. Оның сөзінше сол уақытта жағдайын түсініп, оған нақты көмек қолын созған ең жақын адамы анасы болған.
"Анам бәрін түсінді. Қандай жағдайда жүргенімді біле тұра, көмектесті. Мен оған кейін бәрін қайтарамын деп айттым. Өмірде осындай жағдайлар да болады екен. Тағдыр солай болды, бауырым"... — деген Бекембетов осы сәтте көз жасына ерік берді.
Файтер қиын кезеңде өзге адамдардан күткен қолдауды көрмегенін де жасырмады.
"Егер сол кезде анам көмектеспегенде, кім көмектесер еді? Мұндай кезде анадан басқа жанашыр табылмай қалатынын түсіндім", — деді ол.
Сұхбат барысында жүргізуші де адамның басына шын мәнінде ауыр күн туған кезде айналасындағы достары, жары немесе жақын туыстары алыстап кетуі мүмкін екенін айтып, ең соңында жанынан табылатын адамның ана екенін атап өтті.
Бекембетов бұл пікірмен келісті.
"Иә. Қандай жағдайда болсаң да, анаң әрдайым сенің жаныңнан табылады", — деді файтер.
Бұл тақырып Әнуарбекке ерекше әсер етіп, анасының өз өмірінде қаншалықты маңызды орын алатынын эмоциямен жеткізді.
Түрмеден ММА индустриясына
Әнуарбек Бекембетовтың өмір жолы оңай болған жоқ. Ол 2009 жылы 24 жасында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын өтеу кезінде Бекембетов туберкулезбен ауырған.
Бостандыққа шыққаннан кейін де оның өмірінде күрделі кезеңдер болған. Соған қарамастан Бекембетов уақыт өте өз өмірін түбегейлі өзгерте алды.
Бүгінде "Мотиватор" лақап атымен танылған Әнуарбек Бекембетов қазақстандық ММА индустриясының ең медиа файтерлерінің бірі саналады. Ол әлеуметтік желілердегі ерекше видеолары, өткір трэш-токтары және резонанс тудырған жекпе-жектері арқылы кеңінен танылды.
Әр жылдары Hardcore MMA, Nomad FC және Naiza FC секілді промоушендерде өнер көрсетіп, ММА жанкүйерлері арасында үлкен аудитория жинады.