ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 22-тур

Серік Сәпиевті Олимпиадада жеңген боксшы түрмеге қамалды

Серік Сәпиевті 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында жеңген тай боксшысы Манус Бунчамнонг алаяқтық ісі бойынша 2 жыл 9 айға сотталды. 

Серік Сәпиевті Олимпиадада жеңген боксшы түрмеге қамалды
Ryan Pierse

Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Манус Бунчамнонг қазіргі уақытта Бангкокта түрме жазасын өтеп жатыр.

Таиландтық боксшы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. BoxRec деректеріне сәйкес, ол мансабында Қазақстан өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, сол жекпе-жектердің басым бөлігінде жеңіске жеткен.

Алғашқы қазақстандық қарсыласы – Нұржан Кәрімжанов

Манус Бунчамнонгтың Қазақстан боксшыларымен текетіресі 2003 жылы басталды.

Бангкокта өткен әлем чемпионатының 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалында ол 2002 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Нұржан Кәрімжановпен кездесті.

Жекпе-жек тай боксшысының 21:11 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

2004 жылғы Афины Олимпиадасында екі боксшы бір-бірімен жолыққан жоқ. Кәрімжанов болгариялық қарсыласына даулы шешіммен есе жіберсе, Бунчамнонг турнир соңында Олимпиада чемпионы атанды.

Серік Сәпиевті екі рет жеңді

2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында Манус Бунчамнонг Қазақстан боксының тағы бір жұлдызы – Серік Сәпиевпен қолғап түйістірді.

Жартылай финалда тай боксшысы сол кездегі әлем чемпионы Сәпиевтен басым түсіп, кейін турнирдің алтын медалін жеңіп алды.

Екі спортшының келесі кездесуі 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында өтті. Ширек финалдағы тартысты жекпе-жекте төрешілер 7:5 есебімен Бунчамнонгтың жеңісін тіркеді. Осылайша, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев Олимпиада жүлдесіне таласу мүмкіндігінен айырылды.

Ал Бунчамнонг финалға дейін жетіп, шешуші жекпе-жекте Доминикан Республикасының өкілі Феликс Диасқа есе жіберді. Нәтижесінде ол Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

Бұрынғы Олимпиада чемпионы алаяқтық үшін сотталды

2025 жылы Бунчамнонгқа қатысты күтпеген ақпарат тарады. The Sun мәліметінше, бұрынғы Олимпиада чемпионы 2021 жылы мемлекеттік лотерея билеттеріне арналған квоталарға байланысты ірі алаяқтық ісі бойынша айыпталған. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, оның әрекетінен жәбірленушілер шамамен 2 миллион бат көлемінде шығынға ұшыраған. Осыған байланысты сот Манус Бунчамнонгты 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айырды. Алайда үкім шыққаннан кейін бұрынғы боксшы кепілдікпен босату талаптарын бұзып, құқық қорғау органдарынан жасырынған.

Оны іздестіруге белгілі бір уақыт кеткен. Кейін полиция Бунчамнонгтың жүрген жерін анықтап, тұтқындаған.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір жазу үшін кіріңіз.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.