Қазақ теннисшісі Германиядағы турнирде чемпион атанды

Редактор Penalty.kz
04.05.2025, 18:58

Жібек Құламбаева мен латвиялық Дарья Семенистая Германияның Висбаден қаласында өткен ITF деңгейіндегі халықаралық турнирде жұптық сында жеңіске жетті.

olympic.kz

Финалда Құламбаева мен Семенистая Чехияның үздік жұбы – Джессика Малечкова мен Мириам Шкохпен кортқа шықты. Үш сетке созылған тартысты ойында 4:6, 6:3, 11:9 есебімен жеңіске жеткен қос теннисші бар болғаны 1 сағат 37 минутта матчты аяқтады. Айта кетерлігі, чехиялық теннисшілер турнирдің үшінші нөмірлі дуэті саналып, негізгі фаворит ретінде қаралған.

Жібек пен Дарья финалға дейін де осал қарсыластармен ойнаған жоқ. Олар:

  • Джоди Бёррэдж / Иден Силва (Ұлыбритания) жұбын — 7:6, 6:7, 10:8,
  • Эри Ходзуми (Жапония) / Ульрикке Эйкери (Норвегия) дуэтін — 6:3, 1:6, 10:7,
  • Виталия Дьяченко (Ресей) / Нао Хибино (Жапония) жұбын — 3:6, 6:4, 11:9 есебімен жеңіп шықты.