Қазақстандық кәсіпқой теннисші Зарина Дияс Жапонияда өтіп жатқан ITF W50 сериясындағы турнирдің жартылай финалына шықты. Қазір WTA рейтингінде 318-орында тұрған спортшы Куруме қаласында өнер көрсетіп жатыр.
Зарина ширек финалда жергілікті теннисші Момоко Коборимен кездесіп, 6:3, 6:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Қарсыласынан біршама басым болған қазақстандық спортшы ойынды небәрі 59 минутта аяқтады.
Жартылай финалдағы қарсыласы Саки Имамура (Жапония) мен Мэйлин Ванның (Қытай) арасындағы кездесуден кейін белгілі болады. Зарина Дияс алдағы матчта да сенімді өнер көрсетіп, финалға жолдама алуға ниетті.
Бұрын WTA рейтингінің ТОП-50 кірген Зарина үшін бұл жарыс – үлкен тенниске қайта оралу жолындағы маңызды кезең. Жарақаттар мен үзілістерден кейін ол біртіндеп өз бабына келіп, халықаралық ареналарда қайта бой көрсетуде.