Ресейдің Хабаровск қаласында Кеңес Одағының Батыры Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі жалғасып жатыр. Бұл – әлемнің үздік боксшылары жиналатын беделді жарыстардың бірі.
Үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы үлкен жеңіске қол жеткізді. 50 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Гүлнәр Тұрапбай алғашқы кездесуін Куба спортшысы Стерлин Делиге қарсы өткізді.
Трибуна толы көрерменнің көз алдында өткен шайқаста қазақстандық спортшы қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Үш раунд бойы басымдық танытқан Гүлнәр Тұрапбай барлық бес төрешінің шешімімен (5:0) жеңімпаз деп танылды.
Константин Коротковты еске алу турнирі 15-19 сәуір аралығында өтеді. Бұл жарыс – қазақстандық боксшылар үшін халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберлік шыңдайтын маңызды алаң.