Karate Combat 54 турнирінде 24 жастағы британиялық файтер Мохаммад Мокаев Қазақстан спортшысы Болат Заманбековті нокаутқа түсірді.
Бұл кездесу 61 келі салмақ дәрежесінде толық контактті каратэ ережесі бойынша өтті және екінші раундта аяқталды.
Жекпе-жек барысында күтпеген жағдай болды. Мокаев абайсызда Заманбековтің шап аймағына соққы жасап қойды. Төрешілер уақытша үзіліс жариялап, қазақстандық спортшыға қалпына келуге мүмкіндік берді. Бірақ айқастың жалғасы Болат үшін сәтсіз аяқталды. Мокаев техникалық артықшылығын пайдаланып, оны нокаутқа жіберді.
Айта кету керек, бұл айқас ресми ММА статистикасына енбейді. Себебі ол аралас жекпе-жек емес, каратэ ережелерімен өтті. Дегенмен, бұл жекпе-жек спортшылардың дайындық деңгейі мен стилін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі болды.
28 жастағы Болат Заманбеков ММА-де 8 жеңіс пен 3 жеңіліске ие. Ол Naiza FC және Alash Pride ұйымдарында өнер көрсетіп, кейін Азияның үздік промоушені – ONE Championship-ке өтті. Бірақ соңғы үш жекпе-жегінің екеуінде жеңіліс тапты.
Мокаевтың қазіргі ММА рекорды – 14-0. Ол соңғы рет Бахрейндегі Brave FC ұйымында өнер көрсетті. Бір қызығы UFC-де 7-0 көрсеткішіне жеткен соң, ол Дана Уайттың шешімімен ұйымнан шығарылды. Себеп ретінде матчмейкерлермен арадағы келіспеушілік айтылған.
Karate Combat – толық контактті каратэге негізделген халықаралық жекпе-жек лигасы. 2018 жылы Венгрияда алғашқы турнирін өткізіп, бүгінде Дубайдағы тұрақты аренасы бар. Лигада Энтони Петти, Бенсон Хендерсон, Алджамейн Стерлинг және Люк Рокхолд сияқты бұрынғы UFC чемпиондары өнер көрсеткен.
Қазақстандық спортшылар арасында бұл лигада алғаш болып Мария Агапова жекпе-жек өткізген. Ол 2024 жылдың мамырында 17 жастағы америкалық Хелена Кревардан жеңіліп қалды. Кревар бүгінде бразильдік джиу-джитсудың жас жұлдызы.