Қазақ боксының Олимпиададағы нәтижесіне байланысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатыр. Спорт журналистикасының ардагері Қыдырбек Рысбек бұл жағдайға қатысты өз көзқарасын білдіріп, басты себептерге тоқталды.
Қыдырбек Рысбек журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасында қонақта болып, Париж Олимпиадасындағы бокстан Қазақстан құрамасының көрсеткіші жайлы айтты. Оның пікірінше, барлық сәтсіздікті бір ғана бас бапкердің мойнына іліп қою әділетсіз шешім.
"Мырзағали Айтжановты кінәлаумен шектелуге болмайды. Ол небәрі бір жыл бұрын Ташкентте төрт әлем чемпионын тәрбиелеп шығарды. Бұл – кездейсоқ жетістік емес", — деді ол.
Сонымен қатар, Рысбек мырза Өзбекстан құрамасының нәтижелі өнерін елдік қолдаудың үлгісі ретінде атап өтті. Президент Мирзиёевтің тікелей араласуы мен халықаралық аренадағы қолдауы өз нәтижесін бергенін айтты.
Қыдырбек Рысбектің айтуынша, Айтжанов — Қазақстан спортындағы ең үздік бапкерлердің бірі. Оның жетістіктері кездейсоқ емес, жылдар бойы қалыптасқан жаттықтырушылық мектептің жемісі.
"2013–2014 жылдары Айтжанов әлемнің үздік бапкері атанды. Бұл атақ сатып алынған жоқ. Ол – жүйелі жұмыстың нәтижесі", — деді Рысбек.
Ол сондай-ақ Нұрлан Ақүрпековтың шәкірттері – Бақтияр Артаев, Жайлау Жақиянов, Әбілхан Аманқұл және басқа да боксшыларды мысалға келтіріп, нағыз бапкерлік мектеп – үздіксіз, тұрақты жұмыс екенін атап өтті.