6 маусым күні Испанияда өтетін кездесуге Руслан Мәдиев қазір қызу дайындық үстінде.
WBA Asia тұжырымы бойынша чемпион, қазақстандық боксшы Руслан Мәдиев алдағы жекпе-жекте мексикалық боксшыны мерзімінен бұрын тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді.
6 маусым күні Испанияның Жирона қаласында өтетін жекпе-жекте Руслан Мәдиев (17-2, 6 КО) мексикалық Хорхе Батальямен (11-5, 7 КО) кездеседі. Жекпе-жекке дайындық барысы жайлы қазақстандық боксшы былай деді:
«Өзімді жақсы сезініп тұрмын, дайындық жүріп жатыр. Қазір салмақты біртіндеп түсіріп жатырмыз. Әлі үш апта уақыт бар. Барлық он раундқа дайындалып жатырмыз, бірақ жекпе-жекті ерте аяқтауға тырысамын».
Руслан Мәдіев соңғы жекпе-жегін 1 ақпан күні Бангкокта (Таиланд) өткізді. Онда ол филиппиндік Али Канегуды (11-2-1, 7 КО) төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңіп, WBA Asia нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы бос тұрған чемпиондық белбеуді иеленген болатын.
Мәдиевтің айтуынша, Хорхе Баталья – шабуылдауға бейім, соққысы көп боксшы. Сондықтан жекпе-жек жанкүйерлер үшін қызықты әрі тартысты өтеді деп болжап отыр.