Александр Красюктың айтуынша, Жәнібек пен оның командасы әлі де жұлдыздық деңгейге жете алмай келеді. Проблема — жеке брендтің жоқтығы.
Александр Усиктің промоутері Александр Красюк қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) мансабына қатысты пікір білдірді. Ол WBO және IBF титулдарының иегері лайықты деңгейде бағаланбай отырғанын айтты.
Усиктің промоутері Александр Красюк The Ring басылымына берген сұхбатында былай деді:
«Бізде керемет боксшылар көп, бірақ бұл олардың жақсы табыс табатынын білдірмейді. Шынайы жұлдыздар ғана үлкен ақша табады. Бахрам да, Жәнібек те – өз салмақ дәрежелерінің үздіктері. Алайда олар жеткілікті назарға ие болмай отыр. Сол себепті промоутері әлі де олардың жеке брендін қалыптастырумен айналысуы керек.»
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының командасы орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 КО) келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған. Бұл жекпе-жек 2025 жылдың тамыз айында өтуі мүмкін.
Егер келісім жасалса, бұл шайқаста бірден үш чемпиондық белбеу сарапқа салынады: WBO, IBF және WBC. Бұл – Жәнібек үшін мансабындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болары сөзсіз.