Алматыда 6 маусым күні үлкен кәсіби бокс кеші өтеді. Кештің басты оқиғаларының бірі Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары арасындағы екі айқас болады.
Екінші орта салмақта ел намысын Елхан Табынбаев (8 жеңіс, 1 жеңіліс, 6 нокаут) қорғайды. Ол Өзбекстаннан келген тәжірибелі боксшы Джурабой Зокировпен (1 жеңіс, 7 жеңіліс) қолғап түйістірмек. Бұл айқас алты раундқа жоспарланған.
Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде Нұржан Серікбаев (5 жеңіс, 1 жеңіліс, барлығы нокаутпен) өзбек боксшысы Шахриёр Исаковқа (4 жеңіс, 7 жеңіліс, 4 нокаут) қарсылас атанады. Бұл кездесу де алты раундқа созылады деп жоспарланып отыр. Екі спортшы да нокаут жасау шебері ретінде танымал, сондықтан бұл жекпе-жек ерте аяқталуы ғажап емес.
Бокс кеші тек ерлер арасында емес, әйелдер арасында да өтеді. Көпшілік асыға күткен жекпе-жектердің бірі – Балауса Мұздыман (7-0, 5 KO) мен Мысырдан келген Айя Рамадан (4-0, 0 KO) арасындағы кездесу болмақ. Сонымен қатар Даня Милохин мен Байрам Кахруманов та рингке шығады.