«Әлем чемпионатына 12 күн қалғанда мені пышақтап кетті» – Ердос Жаңабергенов

Редактор Penalty.kz
05.06.2025, 15:05

Танымал боксшы Ердос Жаңабергенов жаттығу жиыны кезінде белгісіз адамның шабуылына ұшырап, ауыр жарақат алғанын мәлімдеді. Бірақ спортшы бұл соққыға қарамастан, чемпионатқа қатысып, жеңіс жолын жалғастыра білді.

KAZ.NUR.KZ.

Қазақстандық танымал боксшы Ердос Жаңабергенов спорттық мансабындағы ең ауыр сәттердің бірін еске алды. Ол Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында әлем чемпионатына небәрі 12 күн қалғанда пышақталғанын айтып, оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндап берді. 

«Бәріміз әлем чемпионаты алдында Үрімшіге оқу-жаттығу жиындарына аттандық. Нөмірде жата бермейін деп кешкілік серуенге шықтым. Қасымда Жеңіс деген досым бар. Бір сәтте кішкентай бойлы бір жігіт жамбасымнан бір соқты. Сүйегіме дейін сыздап кетті. Мен не болғанын түсіне алар емеспін. Досыма «мына баланың соққысы мықты екен, боксшы болатын жігіт» деп қоямын. Ол мені ұрып кетті деп ойладым. Ауырған жерімді уқалап тұрсам, бір кезде жылуды сезіндім. Сол кезде түсіндім пышақтап кеткенін. «Жеңіс, мені пышақтады» дедім. Жүре алмай қалдым, бірақ қонақүйге сүйретіліп жеттік. Кім, не үшін  істегенін білмейміз», - деді боксшы.

Боксшының сөзіне қарағанда, дәрігердің біліктілігінің арқасында жара тезірек емделген. Соның арқасында қалыпқа келіп, көп ұзамай әлем чемпионатында үздік шықты.

«Жеңістің мені арқалап келе жатқанын көрген бапкерлер шулап қоя берді. Қан деген жайылып барады. Құйрықтың дәл ортасынан соққан. Жергілікті дәрігер мықты екен, шұғыл көмектесіп, екі сағат сайын жарадағы таңғышты ауыстырып отырды. Жата бермей жаттығуға барайын деп сұрандым, «байқа, сүйектен айырылып қалып жүрме, көп күш түсірмей жаттығу жаса» деп рұқсатын берді. Жаттығу барысында да таңғышты үнемі ауыстырып отырды. Қытайдың медицинасы сол кезде дамып кеткен екен ғой», - дейді боксшы.

Дегенмен қастандық жасағандардың кім екенін анықталған, алайда боксшының өзі қаскөйдің атын атамауды жөн көрді.

«Кім екенін білдік, қандастар да айтып берді. Сөйтсек, негізі пышақты бүйректен тығып алу туралы тапсырма берілген екен. Оның бойы қысқа болып, мені Құдай сақтап қалды. Бірақ соңына түспедік. Бәріміздің ойымыз әлем чемпионатына қатысып, топ жару еді. Сол мақсатты көздеп жүріп, полицияға да арызданған жоқпыз», - деп еске алды ол.