Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионынан қашып жүр ме?

Редактор Penalty.kz
05.06.2025, 17:07

Доминикандық Карлос Адамес Жәнібек Әлімханұлының командасын айыптап, «олар өз боксшыларына сенбейді» деп кесіп айтты.

sportarena.kz

Орта салмақта WBC чемпионы Карлос Адамес қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасын айыптады. Оның айтуынша, Top Rank промоутерлік компаниясы Жәнібекті қорғап, Карлоспен жекпе-жек ұйымдастырудан әдейі бас тартып отыр.

Адаместің мәлімдемесі: «Top Rank өз боксшысына сенбейді»

Доминиканалық чемпион Карлос Адамес X әлеуметтік желісіндегі  (бұрынғы Twitter) парақшасында жанкүйердің сұрағына жауап беріп, Жәнібекпен жекпе-жек өткізбеу себебін түсіндірді.

«Top Rank өз боксшысына сенбейді», – деп жазды Адамес.

Ол қазақстандық боксшының командасы тәуекелге барудан қорқып отыр дегенді меңзеді.

Қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, ал Карлос Адамес – WBC белбеуінің иегері. Теория жүзінде бұл екеуінің кездесуі – орта салмақтағы нағыз біріктіруші жекпе-жек болуы тиіс.

Алайда Карлос Адамес жуырда екінші орта салмаққа (168 фунт) өтуі мүмкін екенін де айтып қалды. Оның айтуынша, бұл салмақта WBA белбеуі үшін жекпе-жек өткізу – әлдеқайда шынайы мүмкіндік.

Нақты жоспар жоқ

Айта кетейік, Адамес ақпанда Сауд Арабиясында өткен жекпе-жекте британдық Хамза Ширазбен тең түсті. Бұл нәтижеге қарамастан, ол WBC белбеуін сақтап қалды. Ал Жәнібек Әлімханұлы өз титулдарын қорғап келеді, бірақ оның командасы Адамеспен жекпе-жек туралы нақты жоспар жариялаған жоқ.