Орта салмақтағы WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлына жаңа қарсылас көз тастап отыр. Бұл жолы оны жеңіліп көрмеген ирландиялық боксшы шақырды.
25 жастағы ирландиялық Аарон Маккена орта салмақтағы мықтылармен айқасуға дайын екенін мәлімдеді. Оның кәсіби мансабында 20 жекпе-жек және 20 жеңіс бар. Бұл кездесулердің 10-ы нокаутпен аяқталған.
Қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының есебінде 17 жеңіс болса, оның 12-сі мерзімінен бұрын біткен.
Маккена өз үндеуінде былай деді:
“Мен орта салмақтағы кез келген чемпионмен жұдырықтасуға дайынмын – мейлі ол Жәнібек болсын, Адамес немесе Лара. Бұл жекпе-жекті Канело мен Кроуфорд арасындағы мега-айқастың андеркардында өткізейік. Турки әл аш-Шейх, орта салмақты қайта тірілтейік! Ирландиялықтар келіп жатыр!”