Жеңіліссіз рекорд орнатқан чечен текті неміс боксшысы Абу Юсупов Берлиндегі Gesundbrunnen вокзалында пышақ жарақатынан қайтыс болды. 39 жастағы спортшыға артқы жағынан шабуыл жасалған. Полицияның жедел көмегіне қарамастан, боксшы ауруханада жан тапсырды.
Кәсіпқой рингте жеңіліс көрмеген спортшы, Германия атынан өнер көрсеткен шешен боксшысы Абу Юсупов Берлин қаласындағы Gesundbrunnen теміржол вокзалында пышақ жарақатынан қаза тапты. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
Қайғылы оқиға 10 маусым күні кешке Берлиннің Gesundbrunnen вокзалында орын алған. Болжам бойынша, Абу Юсупов пен бір топ ауған азаматының арасында жанжал туындаған. Қақтығыс кезінде спортшының мойнына пышақпен артынан соққы жасалған.
Полицейлер оқиға орнына дереу жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, Юсупов ауруханада алған жарақатынан көз жұмды.
Берлин прокуратурасы мен 8-ші кісі өлтіру ісі бойынша арнайы топ тергеу жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта күдіктілер әлі ұсталған жоқ. Оқиға орнындағы бейнебақылау жазбалары мен куәгерлердің түсініктемелері тексеріліп жатыр.
Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) Юсуповтың өліміне байланысты ресми мәлімдеме жасады:
«Бұл – қайғылы оқиға. Абу Юсупов – табандылықтың, еңбекқорлықтың және боксқа деген махаббаттың символы. Біз оның отбасына көңіл айтамыз».
Оның жаттықтырушысы Хартмут Бе-Шрёдер:
«Керемет адам еді. Әзілдерімен бәрімізді күлдіретін. Бұл – сенгісіз, өте қайғылы жағдай», – деді.
Оқиғадан кейін Берлин билігі қоғамдық көлікте пышақ пен басқа да суық қару алып жүруге тыйым салу мәселесін талқылай бастады. Бұл – қала қауіпсіздігін арттыру үшін қолға алынған алғашқы қадамдардың бірі.