Қазақстандық дзюдошы Мейірлан Максим Будапештте өткен әлем чемпионатында 1/8 финалға дейін жетіп, жапондық қарсыласынан жеңіліп қалған болатын.
Қазақ дзюдошысы Мейірлан Максим Будапештте өткен дзюдодан әлем чемпионатындағы жарыстан кейін жанкүйерлерге үндеу жасап, келесі турнирде міндетті түрде алтын медаль жеңіп алуға уәде берді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейірлан Максим әлем біріншілігінде 1/8 финалға дейін жетті. Өкінішке қарай, шешуші белдесуде ол жапониялық Гоки Тадзимамен кездесіп, жеңіліп қалды. Белдесу барысында Максим жарақат алғаны да белгілі болды.
Алайда спортшының рухы түспеген. Жанкүйерлерге жолдаған үндеуінде ол былай деді:
«Ассалаумағалейкум!
Рахмет барлықтарыңызға, көріп жатырмын, қолдап-қолпаштап жатырсыздар — бәрі жақсы. Мен үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы жарыстарымның бірі, сондықтан біз бұдан мықты болып ораламыз, ИнШаАллах. Келесі жарыста міндетті түрде АЛТЫН жүлде болады, ИнШаАллах».
Еске сала кетейік, дәл осы чемпионатта Әбиба Әбужақынова күміс жүлдегер атанып, Қазақстан тарихында алғаш рет әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шыққан болатын. Бұл — қазақстандық дзюдоның дамуындағы маңызды белес.