Дзюдошы Instagram парақшасында қолы бандажбен таңылған суретін жариялап, астына «Рио 2016, Токио 2020, Париж 2024. Бұл — марапаттың екінші жағы» деп жазды.
Қазақстандық дзюдошы, Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов әлеуметтік желідегі жазбасымен жанкүйерлерін алаңдатып қойды.
32 жастағы спортшы Instagram парақшасында қолы бандажбен таңылған күйде жатқан суретін жариялады. Суретпен бірге:
«Рио 2016, Токио 2020, Париж 2024. Марапаттың екінші жағы» — деп жазды танымал спортшы Елдос Сметов.
Бұл сөз жанкүйерлер арасында түрлі пікір тудырды. Бірі — жарақат туралы болжам айтса, енді бірі — бұл спорттық жолдың қиын сәттерін меңзейтін астарлы ой деп қабылдады.
Қазіргі таңда Сметовтің нақты жарақат алған-алмағаны, оның қаншалықты ауыр екені, және алдағы жарыстарға дайындыққа әсер етіп-етпейтіні белгісіз. Спортшы немесе оның командасы ресми түсініктеме берген жоқ.
Геолокацияға қарағанда, фото Италияда түсірілген. Демек, Сметов қазір реабилитация немесе медициналық бақылаудан өтіп жатуы мүмкін.